Instagram ашықтық алаңы болса, тілге құрмет қай деңгейде?

Instagram алғаш пайда болған кезде көбіне фото жариялап, оның астына қысқаша пікір немесе сол суретке қатысты ақпарат жазатын қарапайым алаң ретінде танылды. Бүгінде бұл әлеуметтік желі мүлде басқа сипатқа ие болды. Қазір Instagram – мекеме имиджін қалыптастыратын, қоғаммен байланыс орнататын, жедел ақпарат тарататын және ашықтықты қамтамасыз ететін маңызды цифрлық құрал. Сондықтан мектептер, балабақшалар мен мемлекеттік мекемелер үшін Instagram парақшасын жүргізу жай ғана қосымша мүмкіндік емес, уақыт талабына айналды.

Қазіргі кезеңде білім беру ұйымдары мен мемлекеттік мекемелердің әлеуметтік желіде белсенді болуы олардың қоғаммен байланысын күшейтеді. Мекеме өз қызметі, жаңалықтары, өткізілген іс-шаралары, жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы ақпаратты Instagram арқылы жедел әрі көрнекі түрде жариялай алады. Бұл, өз кезегінде, ата-аналарға, тұрғындарға және жалпы қоғамға мекеме жұмысынан үнемі хабардар болып отыруға мүмкіндік береді. Әсіресе мектеп пен балабақша үшін ата-анамен тығыз қарым-қатынас орнату – аса маңызды міндеттердің бірі. Ал әлеуметтік желі сол байланыстың тиімді әрі ыңғайлы арнасына айналып отыр.

Дегенмен, әлеуметтік желіні пайдалану мәдениетінде тек белсенділік жеткіліксіз. Мұнда тілдік талаптар мен мемлекеттік тілдің мәртебесі де басты назарда болуы керек. Қаламыздағы мектептер мен балабақшалардың Instagram парақшаларына жасалған талдау осы мәселеде әлі де жүйелі кемшіліктер бар екенін көрсетті. Мәселен, №1, №14, №6, №10, №11, №16, №24 мектептер, БТКЛ, №3 мектеп, «Т. Әубәкіров атындағы гимназия» ЖМ, №1 гимназия, сондай-ақ «Балбөбек», «Алтынай», «Самал», «Престиж», «Анли» балабақшаларының парақшалары тек орыс тілінде жүргізілетіні байқалады. Ал №27, №6 мектептер мен «Кораблик», «Таңшолпан», «Балдырған» балабақшалары жарияланым тақырыптарын орыс тілінде беріп, мәтіннің негізгі бөлігін қазақ тілінде ұсынады.

Бұл жағдай әлеуметтік желідегі ресми ақпарат беру ісінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы әр мекемеде әртүрлі екенін аңғартады. Алайда ресми парақша – бұл жеке қолданушының жеке парақшасы емес. Ол мекеменің ресми ақпараттық алаңы болғандықтан, онда жарияланатын барлық мәлімет мемлекеттік тілде міндетті түрде берілуі қажет. Егер орыс тіліндегі нұсқа қатар ұсынылса, онда қазақ тіліндегі мәтін де міндетті түрде толық әрі сапалы орналастырылуы тиіс. Ең бастысы, қазақ тіліндегі нұсқа мазмұн жағынан кем болмауы керек. Әр постта екі тіл қатар қолданылған жағдайда да мемлекеттік тілдің басымдығы анық көрініп тұруы қажет.

Instagram парақшасы арқылы мекеменің тек жаңалығы ғана емес, оның ішкі мәдениеті, қоғам алдындағы жауапкершілігі, тілге деген құрметі де көрінеді. Сол себепті әлеуметтік желідегі әрбір жазба – мекеменің айнасы. Егер ресми парақшада мемлекеттік тіл екінші кезекке ысырылып, негізгі ақпарат өзге тілде ұсынылса, бұл ақпараттық ашықтықтың толыққанды сақталмай отырғанын көрсетеді. Өйткені ашықтық тек ақпарат берумен өлшенбейді, ол сол ақпараттың ел азаматтарына қолжетімді әрі заң талаптарына сай болуымен де бағаланады.

Мемлекеттік мекемелер арасында да бұл мәселе өзекті. Мысалы, бірден көзге түскен «Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы» КММ Instagram парақшасы толықтай орыс тілінде жүргізілетіні байқалады. Бұл ресми ақпараттық кеңістікте мемлекеттік тілдің қолданылуына қатысты талаптарды тағы бір мәрте назарға алуды қажет етеді.

Әлеуметтік желі – жай ғана виртуалды алаң емес, қазіргі қоғамның ақпараттық мәдениетін қалыптастыратын кеңістік. Сондықтан мектептер, балабақшалар және мемлекеттік мекемелер Instagram парақшаларын жүргізгенде тек әдемі дизайн мен белсенділікке емес, тілдік сауаттылыққа, мемлекеттік тілдің басымдығына және мазмұн сапасына да ерекше мән беруі тиіс. Себебі ресми парақшадағы әр жазба – мекеменің қоғам алдындағы ұстанымын танытатын нақты көрсеткіш.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *